sample text
Кемпірқосақ – аспан күмбезінде түрлі түсті доға түрінде көрінетін атмосферадағы оптикалық құбылыс. Ол аспанның бір жағында торлаған бұлттан жаңбыр жауып, қарсы жағында жарқырап күн шығып тұрған кезде көрінеді. Кемпірқосақ тікелей түскен күн сәулесінің жаңбыр тамшыларынан өткенде сынып, құрамдас бөліктерге (қызыл, сарғылт, сары, жасыл, көгілдір, көк, күлгін) бөлінуінің және тамшы бетінен шағылған толқын ұзындығы әр түрлі сәулелердің дифракциялануы мен интерференциялануы нәтижесінде пайда болады. Кемпірқосақтың айқындығы жаңбыр тамшыларының үлкен-кішілігіне байланысты өзгеріп отырады. Тамшы үлкен болса кемпірқосақ айқын, жарық болып көрінеді. Кейде алғашқы кемпірқосақпен бірге екінші кемпірқосақ қабаттаса көрінеді, оны қос кемпірқосақ деп атайды. Қос кемпірқосақ күн сәулесінің су тамшысына белгілі бұрыш жасай, екі рет шағылысуынан түзіледі. Сонымен бірге ай сәулесінен пайда болатын кемпірқосақты ай кемпірқосағы деп атайды.